Фармация

«Фармация» және «Лабораториялық диагностика» бөлімі бойынша жалпы мәлімет

Талғар медициналық мектебі 1937 жылы Алматы облыстық денсаулық сақтау бөлімінің медбикелер дайындайтын мектебі ретінде құрылған. Мектеп Алматы облысына медбикелерді дайындау жұмысымен айналысты. Алғашқы директоры А.М.Коршунов болды.

1955 жылдан мектеп Талғар медициналық училищесі болып өзгертіліп, фельдшер мамандарын дайындай бастады. 1959 жылы училище жанынан балалар медбикесі бөлімі ашылды. 2018 жылы «Фармация» және «Лабораториялық диагностика» мамандығы бойынша мемлекеттік лицензия алынып, 11-сынып негізінде 1 топ «Фармация» бөлімі бойынша студенттер оқуға қабылданды.  2019 жылы «Лабораториялық диагностика» мамандығы бойынша 1 топ, «Фармация» бөлімі бойынша 2 топ оқуға қабылданды.

Қазіргі уақытта «Талғар жоғары медициналық колледжі» мемлекеттік коммуналдық шаруашылық жүргізу мекемесі ретінде «Алматы облыстық денсаулық сақтау ұйымының» мемлекеттік мекемесі. Мамандарды даярлау жалпы орта білім бойынша күндізгі оқыту және негізгі орта білім бойынша мемлекеттік және орыс тілдерінде:

  • «Фармация»  бойынша 6 топ;
  • «Лабораториялық диагностика» бойынша 1 топ білім алуда.  

2022-2023 оқу жылында «Фармация» бөлімінде «Фармацевт» мамандығы бойынша 71 студент білім алады. Оның 27-і бітірушілер. Осы оқу жылында «Фармация» бөліміне 15 студент ақылы бөлімге оқуға қабылданды. «Лабораториялық диагностика» бөлімі бойынша 15 студент бюджет бөлімге қабылданды. «Фармация» бөлімі бойынша білім сапасы 75% ға тең.

     Білім сапасын, білімгерлердің мамандыққа қызығушылығын арттыру мақсатында клиникалық пәндерден элективті сабақтар, қосымша сабақтар, үйірмелер ұйымдастырылды. Колледжде білімгерлер тәжірибесін машықтау үшін фармакология және фармациядағы менеджмент маркетинг кабинеті, фармакогнозия және фармацевтикалық технология кабинеттері, сонымен қатар «Лабораториялық диагностика» бөлімі үшін лабораториялық кабинет жұмыс жасайды.

     Білімгерлер профессор, медицина ғылымдарының кандидаттарынан, зерттеуші, сарапшы және модератор санатты, «болашақ» бағдарламасын тәмамдаған оқытушылардан дәріс алады. Колледждің тәжірибелік базасы дайын дәрілерді босатумен айналысатын және дәрілерді дайындайтын бөлімі бар дәріханалармен тығыз байланыс ұйымдастырылған.

Мамандығы: 09160100 – «Фармация»

Біліктілігі: 4S09160101 – «Фармацевт»

«Фармация» – бұл базалық медициналық білім. Бұл саланың қызметкерлері мықты денсаулыққа, жақсы дене дайындығына, батылдық пен жігерлікке ие. Студенттерге адамдарды емдеуге қажетті әртүрлі негіздегі дәрілер мен медициналық мақсаттағы бұйымдар, олардың дұрыс қолданысы және қолданылуындағы әсерлер жайлы үйретеді. Әр курста студенттер дәріханаларда және дәрілік заттарға қатысты орындарда міндетті практикадан өтеді.

«Фармацевт» – орта медициналық білімі бар медицина қызметкері. Фармация мамандығы өте жауапты және маңызды, өйткені ол науқастарға қажетті дәрі-дәрмектердің дұрыс тағайындалуын тексеріп және науқасқа босатып қана қоймай, науқасты сауықтыруға қажетті басқа да қосымша емді түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

Фармацевтің бойында жанашырлық таныту, тыңдай алу, ықыластылық, мейірімділік сияқты қасиеттердің болуы маңызды. Ширақтық, ұқыптылық, жауапкершілік, күтпеген жағдайларда тез және тиімді шешім қабылдау қабілеті кәсіби тұрғыда маңызды болып саналады. «Медициналық лаборант» мамандығы науқасқа қойылатын диагноз үшін маңызды, яғни адам ағзасындағы қандай да бір патологияның бар жоқтығын дұрыс әрі дәл анықтау лаборанттардың жасаған сараптамаларының қорытындысына тікелей байланысты. Лаборант өз ісіне жауапты, ұқыпты, мейірімді және өз ісін жетік білетін адам болуы маңызды.